Сәтбаев университеті Қытайда ақпараттық инженерия мамандарын даярлайды
Циндао қаласында Сәтбаев университеті мен Qingdao University of Science and Technology (QUST) бірлесіп құрған Қытай-Қазақстан ақпараттық инженерия мектебі жұмысын бастады. Алғашқы қабылдау кезінде мұнда 188 студент білім алуға қабылданды. Оның 150-і бакалавриатқа, 38-і магистратураға түсті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жаңа мектепте бакалавриат студенттері Computer Science, Information Engineering және Communication Engineering бағыттары бойынша білім алады. Төрт жылдық оқу бағдарламасы толығымен Циндаода, 4+0 форматында жүзеге асырылады. Бағдарлама талаптарын орындаған түлектерге QUST дипломы мен Сәтбаев университетінің дипломы беріледі.
Сонымен қатар Software Engineering бағыты бойынша екі жылдық магистратура бағдарламасы іске қосылды.
Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев жаңа жобаның халықаралық ынтымақтастықты кеңейту үшін маңызды екенін атап өтті. Алдағы уақытта қазақстандық және қытайлық мамандардың қатысуымен бірлескен зерттеулер, зертханалар мен технологиялық жобаларды дамыту жоспарланып отыр.
Мектеппен қатар Циндаода Қытай-Қазақстан халықаралық ақпараттық технологиялар бірлескен зертханасы да ашылды. Мұнда ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, цифрлық жүйелер және телекоммуникациялар бағытында ғылыми зерттеулер жүргізіледі.
Екі университет оқытушылар мен зерттеушілер алмасуын жолға қойып, студенттерді ортақ ғылыми және технологиялық жобаларға тартуды көздеп отыр.
Жоба «Орталық Азия – Қытай» форматындағы Білім және ғылыми зерттеулер жылы аясында жүзеге асырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бірлескен мектеп Қазақстанның жоғары білім беру бағдарламаларын шетелде іске асыруға және екі ел арасындағы ғылыми-технологиялық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.