SDU студенттері оқу курстарын әзірлейтін AI-платформа жасады
AI-Sana көрмесінде SDU University студенттері жасаған Intelib жасанды интеллект платформасы таныстырылды. Жоба университеттік курстарды әзірлеу мен басқару процесін жеңілдетуге бағытталған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Intelib электронды кітапхана мен оқу материалдарын дайындауға арналған AI-құралдарды бір жүйеге біріктіреді. Платформа кітапхана қорындағы әдебиеттерді пайдаланып, силлабус, дәріс конспектілері және тест тапсырмаларын әзірлей алады. Бұл ретте оқу материалы толығымен оқытушының бақылауында қалады. Мұғалім жасанды интеллект дайындаған мазмұнды тексеріп, өзгерте алады немесе қажет болған жағдайда қайта әзірлей алады.
Платформада электронды кітапханаға арналған интеллектуалды іздеу жүйесі де қарастырылған. Оның көмегімен қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі кітаптарды, ғылыми мақалаларды, журналдарды, сөздіктер мен энциклопедияларды іздеуге болады.
Intelib дәріс конспектілерін дайындау кезінде пайдаланылған дереккөздерді ғана емес, ақпарат алынған әдебиеттің нақты беттерін де көрсетеді. Ал әзірленген оқу материалдары негізінде жүйе тест тапсырмалары мен түрлі форматтағы квиздерді автоматты түрде құрастырады.
Студенттер платформа арқылы оқу курстарына қосылып, белгіленген уақыт пен әрекет саны аясында тапсырмаларды орындай алады. Сондай-ақ жүйе олардың оқу барысын, тапсырмаларды орындау тарихын және нәтижелерін бақылауға мүмкіндік береді.
Жоба жоғары оқу орындарына, оқытушылар мен студенттерге, сондай-ақ баспалар мен кітапханаларға арналған. Әзірлеушілердің айтуынша, платформа оқу материалдарын дайындауға кететін уақытты қысқартып, дереккөздермен жұмысты жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кітапхана, оқу курстары, студенттік топтар, квиздер мен оқу нәтижелері бір цифрлық ортада біріктірілген.
Қазіргі уақытта Intelib платформасында кітапхана бойынша интеллектуалды іздеу, курстар мен оқу топтарын басқару, дереккөздерге сүйене отырып силлабус пен конспект әзірлеу, квиздер құрастыру және оқу нәтижелерін бақылау құралдары қолжетімді.