Қазақстанда шекара инфрақұрылымын жаңғырту нәтижесінде өткізу бекеттерінің мүмкіндігі айтарлықтай артты. Соңғы үш жылда жүк көліктерін рәсімдеу уақыты 9 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарған. Бұл жұмыстар Президент Жолдауында белгіленген міндеттер аясында жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
2025 жылы ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы тоғыз автомобиль өткізу бекетін жаңғырту аяқталды. Ал биыл қазан айында Қазақстан–Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» өткізу бекетін жаңарту жоспарланып отыр.
Қазір Қазақстанның мемлекеттік шекарасында 70 өткізу бекеті бар. Оның 51-і автомобиль, бесеуі теміржол, оны әуе, үшеуі теңіз арқылы қатынайтын бағыттарда орналасқан. Тағы бір бекет «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы аумағында жұмыс істейді.
Соңғы үш жылда өткізу бекеттерін жаңғыртуға 118,6 млрд теңге бөлініп, ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы 11 автомобиль бекеті жаңартылды. Кейбір нысандарда қозғалыс жолақтары екіден алтыға дейін көбейтіліп, жүк және жолаушылар ағындары бір-бірінен бөлінді.
Бекеттерге заманауи тексеру кешендері, автоматты салмақ-габарит бақылауы, радиациялық бақылау, бейнебақылау және көлікті сәйкестендіру жүйелері орнатылды. Бірқатар тексеру рәсімі енді көлік тоқтамай қозғалып келе жатқан кезде жүргізіледі. Нәтижесінде автомобиль өткізу бекеттерінің жалпы мүмкіндігі жылына шамамен 2 млн көліктен 5 млн көлікке дейін ұлғайды. 2022 жылы ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы бекеттерден 640 мыңға жуық көлік өтсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,7 млн-ға жетті. Үш жылдағы өсім 2,6 еседен асты. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында шамамен 1,3 млн көлік өткен. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 19,3% көп.
Шекарадағы рәсімдер де цифрландырылып жатыр. KEDEN ақпараттық жүйесінде алдын ала хабарлау, кедендік транзит, декларациялау және тауарларды өткізу үдерістері автоматтандырылған. Соның арқасында кедендік рәсімдеудің орташа ұзақтығы 2024 жылғы 11 сағаттан биыл 3 сағат 30 минутқа дейін азайды.
CarGoRuqsat электронды кезек жүйесі арқылы тасымалдаушылар шекарадан өтетін уақытын алдын ала белгілей алады. Бүгінге дейін жүйе арқылы 4,5 млн-нан астам брондау жасалған.
Теміржол тасымалында да автоматтандыру енгізіліп келеді. Қытай – Қазақстан – Орталық Азия бағыты бойынша бір контейнерлік пойызды рәсімдеуге бұрын шамамен үш сағат кетсе, автоматтандырылған жүйе бұл уақытты 30 минутқа дейін қысқартқан.
Транзит көлемі де өсіп келеді. 2025 жылы 1,4 млн транзиттік декларация рәсімделіп, Қазақстан шекарасы арқылы өткен жүктің жалпы салмағы 23,1 млн тоннаға жетті. Ал 2026 жылдың сегіз айында 1,1 млн транзиттік декларация рәсімделді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 19% жоғары.
Негізгі транзиттік бағыттардың бірі – Қытай. Биыл сегіз айда Қытайдан Қазақстан арқылы тасымалданған жүктерге 814,5 мың декларация рәсімделген.
Алдағы уақытта «жасыл дәліз» және «кедергісіз транзит» жобаларын дамыту жоспарланып отыр. Сонымен қатар Ресей және Қырғызстан шекарасындағы автомобиль өткізу бекеттерін кезең-кезеңімен жаңғырту көзделген. Бұл жұмыстарды 2030 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.