Шенеуніктерге әлеуметтік желідегі жазбаларына мұқият болуға кеңес берілді
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдалану кезінде әдеп нормалары мен заң талаптарын сақтауға шақырды, деп Baspasoz.kz тілшісі Nur.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік желідегі жеке парақшада жарияланған кез келген фото, видео, жазба немесе пікір көпшілікке тарап, мемлекеттік қызметке деген көзқарасқа әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілерге бірнеше талапты ескеруді ұсынды.
Жеке және қызметтік парақшаларды ажырату
Мемлекеттік органдардың ресми аккаунттары тек қызметтік ақпарат тарату үшін қолданылуы керек. Ал мемлекеттік қызметшінің жеке парақшасы жеке кеңістік болғанымен, ондағы жарияланымдар заңнамаға, мемлекеттік қызметке қойылатын шектеулерге және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне қайшы келмеуі тиіс.
Парақшада «жеке аккаунт» немесе «бұл - жеке пікірім» деген белгі болуы қызметкерді заң талаптары мен қызметтік әдеп нормаларын сақтаудан босатпайды.
Қымбат заттар мен сән-салтанатты көрсетуге де мән беру керек
Әкімдік мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік желіге фото, видео және басқа да материалдарды жарияламас бұрын олардың мазмұнына мұқият қарауды ұсынды. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін, қызметкердің кәсіби немесе моральдық қасиеттеріне күмән туғызатын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарға қайшы келетін немесе мүдделер қақтығысы бар деген әсер қалдыратын жарияланымдардан бас тарту қажет.
Сондай-ақ балағат сөздер, қорлау, арандатушылық сипаттағы жазбалар мен мемлекеттік қызметшінің мәртебесіне сай келмейтін әрекеттерді көрсететін материалдарды жариялауға болмайды.
Әкімдік әсіресе қымбат көлік, сәнді заттар, элиталық демалыс және басқа да материалдық игіліктерді көрсету мәселесіне назар аударды. Егер олардың заңды түрде алынғаны түсінікті болмаса, мұндай жарияланымдар қоғам тарапынан сұрақ туғызып, шенеуніктің беделіне кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік желілерді коммерциялық қызметті жарнамалау немесе жеке пайда табу үшін қызметтік мәртебесін пайдаланатындай етіп қолданбау ескертілді.
Қызметтік әдепті сақтау қажет
Әлеуметтік желідегі қарым-қатынаста мемлекеттік қызметшілер адалдық, әділдік, ашықтық, азаматтар мен әріптестерге құрметпен қарау және жауапкершілік қағидаларын ұстануы тиіс. Азаматтармен немесе әріптестермен әлеуметтік желіде жанжалдасуға, балағат сөздер мен қорқыту сипатындағы пікірлер жазуға, адамның ар-намысына тиетін мәлімдемелер жасауға жол бермеу керек. Әкімдік мемлекеттік қызметшінің жеке аккаунттағы әрекеті де оның жұмыс орнына қатысты қабылдануы мүмкін екенін еске салды.
Жарияламас бұрын нені ескеру керек?
Ведомство қызметкерлерге әлеуметтік желіге материал салмас бұрын бірнеше сұраққа жауап беруге кеңес берді: бұл жарияланым заңды бұзбай ма, Әдеп кодексіне қайшы емес пе, қызметтік өкілеттікті жеке мақсатта пайдаланды деген түсінік қалыптастырмай ма және мемлекеттік қызметтің беделіне кері әсер етпей ме?
Күмән туындаған жағдайда мұндай материалды жарияламаған дұрыс.
Әкімдік бұл ұсыныстар мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желі қолдануына тыйым салу үшін емес, цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлықты қалыптастыру, әдептік және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу үшін жасалғанын атап өтті.
Сонымен қатар қызметтік әдеп пен заң талаптарын сақтау жұмыс уақытында ғана емес, мемлекеттік қызметтің беделіне әсер етуі мүмкін қоғамдық ақпарат кеңістігіндегі әрекеттерге де қатысты екені айтылды.