Шу теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін ашылды
Жамбыл облысындағы Шу станциясының теміржол вокзалы күрделі жаңғыртудан өтіп, қайта ашылды. 1989 жылы салынған нысан еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңарту бағдарламасы аясында жөнделді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жоба барысында жалпы аумағы 8 141 шаршы метр болатын бес қабатты ғимарат толық жаңартылды. Вокзалдың қасбеті мен шатыры жөнделіп, ішкі бөлмелері мен инженерлік жүйелері жаңғыртылды. Сондай-ақ перрон мен вокзал маңындағы аумақ абаттандырылды. Ғимараттың сыртқы келбеті де өзгерді. Қасбеті травертинмен қапталып, төменгі бөлігі отандық гранит плиталарымен әрленді. Энергия үнемдейтін шыныпакеттер мен заманауи алюминий витраждар орнатылды.
Вокзалдың ішкі кеңістігі жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына қойылатын қазіргі талаптарға сай жабдықталды. Әрлеу кезінде жанбайтын материалдар қолданылып, дыбыс оқшаулағыш төбелер мен тозуға төзімді еден жабындары пайдаланылды.
I санатқа жататын Шу вокзалы тәулігіне орта есеппен 1 591 жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы күн сайын 48 жолаушылар пойызы қатынайды. Олар Шу қаласын Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Түркістан, Семей, Ақтөбе, Атырау, Орал, Қостанай, Қызылорда, Петропавл және басқа да қалалармен байланыстырады.
Бұдан бөлек, Шу станциясы арқылы Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан бағытындағы халықаралық пойыздар да қатынайды.
Жаңғырту нәтижесінде вокзалдағы жолаушыларға қызмет көрсету жағдайы жақсарып, өңірдің маңызды көлік торабының инфрақұрылымы заманауи талаптарға сәйкестендірілді.