Шығыс Қазақстанда сирек металдарды зерттейтін жаңа институт ашылды
Шығыс Қазақстан облысында Критикалық материалдар және тұрақты металлургия институты жұмысын бастады. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында құрылған ғылыми орталық сирек металдарды зерттеп, оларды өңдеудің жаңа технологияларын әзірлеумен айналысады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Институттың ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Іс-шара барысында болашақ зерттеу ғимаратының іргетасына арнайы капсула салынып, құрылыс жұмыстарына ресми түрде бастау берілді.
Жаңа ғылыми орталықтың басты мақсаты – өңірдегі тау-кен металлургия саласын дамыту, минералдық шикізатты терең өңдеу және өндірісте қолдануға болатын тиімді технологияларды жасау. Мұнда ғалымдар сирек және стратегиялық маңызы бар металдарды өңдеудің тың әдістерін зерттейді. Сондай-ақ өндіріс қалдықтарын қайта пайдалану, қоршаған ортаға зияны аз металлургиялық технологияларды енгізу және жаңа материалдар әзірлеу бағытында жұмыс жүргізіледі.
Институт зерттеулерінде жасанды интеллект пен математикалық модельдеу технологияларына да ерекше көңіл бөлінбек. Бұл өндірістік үдерістерді жетілдіруге, шығындарды азайтуға және ғылыми жаңалықтарды тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстанның тау-кен металлургия саласында үлкен тәжірибесі мен өндірістік мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, ендігі міндет – ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту.
«Бүгінде ғылыми әзірлемелердің нақты өндірісте қолданылып, өнеркәсіптің сұранысына жауап беруі маңызды. Жаңа институттың басты міндеттерінің бірі – минералдық шикізатты өңдеудің заманауи технологияларын әзірлеу және өндіріске енгізу. Ғалымдар мен өнеркәсіп өкілдерінің бірлескен жұмысы нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді деп сенемін», – деді өңір басшысы.
Шығыс Қазақстанда ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы көлемі де өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста ғылым мен жаңа технологияларды дамытуға жұмсалған қаражат 12 миллиард теңгеден асқан. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп. Осы көрсеткіш бойынша өңір республикада бесінші орынға орналасқан.
Жаңа институт шетелдік ғылыми орталықтармен де байланыс орнатуды көздеп отыр. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Бельгияның KU Leuven университеті бірлескен ғылыми-білім беру орталығын ашу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл ынтымақтастық қазақстандық ғалымдарға халықаралық зерттеулерге қатысуға, озық технологияларды меңгеруге және шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуға жол ашады.
ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина Қазақстан-Бельгия ректорлар форумында университеттің ғылыми бағыттары мен жасанды интеллектіні инженерлік салаға енгізу жөніндегі жоспарларын таныстырғанын айтты.
«Біздің ұстанымымыз бойынша, жасанды интеллект инженердің күнделікті жұмысында қолданатын нақты құралына айналуға тиіс. Осы мақсатта AI+X моделін дамытып жатырмыз. Мұндағы X – көлік машинасын жасау, металлургия және аса маңызды материалдар», – деді ректор.
Айта кетейік, жуырда Сәуле Рахметуллина Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа университетте жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар туралы баяндаған болатын.
Жаңа институттың ашылуы өңірде ғылыми зерттеулердің ауқымын кеңейтіп қана қоймай, білікті инженерлер мен жас ғалымдарды даярлауға да мүмкіндік береді. Ал салынып жатқан жаңа ғимаратта заманауи зертханалар мен технологияларды сынақтан өткізуге қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жоспарланған.