Шымкентте перинаталдық орталық пен әуежайдың екінші ұшу-қону жолағының құрылысын жалғастыруға қосымша 33,5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Қаражаттың 10 млрд теңгесі жаңа перинаталдық орталыққа, ал 23,5 млрд теңгесі әуежайдың екінші ұшу-қону жолағына бағытталады. Жобалар Мемлекет басшысының Құрылтайдың алғашқы сессиясында берген тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып жатыр. Ақжайық шағынауданында салынып жатқан перинаталдық орталық 200 төсек-орынға есептелген. Медициналық мекеме жылына 7 мыңға дейін босануды қабылдай алады.
Орталықта ана мен жаңа туған нәрестеге қажетті медициналық көмектің толық кешенін көрсету жоспарланған. Мұнда акушерлік, гинекология және неонатология бөлімдерімен қатар, күрделі патологиясы бар нәрестелерді емдейтін неонаталдық хирургия қызметі жұмыс істейді. Сондай-ақ диагностикалық зертхана, генетикалық зерттеу базасы, консультациялық және оңалту бөлімшелері қарастырылған.
Шымкент халықаралық әуежайындағы екінші ұшу-қону жолағының құрылысына қосымша 23,5 млрд теңге бөлінді. Жаңа жолақтың ұзындығы 3 900 метр, ені 75 метр болады. Құрылыс жұмыстары 2025 жылғы қазаннан бері жүргізіліп келеді.
Екінші ұшу-қону жолағы әуежайдың жұмысын тоқтатпай, қолданыстағы инфрақұрылымды жөндеуге және жаңғыртуға мүмкіндік береді. Қазіргі жолақ соңғы рет 2007 жылы күрделі жөндеуден өткен, ал кезекті жөндеу 2027 жылға жоспарланған. Сонымен қатар қолданыстағы жолақты Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің талаптарына сәйкес ұзарту қажет.
Жаңа жолақ заманауи жарық-сигналдық жабдықпен жарақтандырылып, халықаралық талаптарға сай салынады. Соның арқасында әуежай қолайсыз ауа райы мен көру мүмкіндігі шектеулі жағдайда да әуе кемелерін қабылдай алады.
Жоба жолаушылар ұшақтарымен қатар ауыр жүк әуе кемелерін қабылдау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Сондай-ақ халықаралық жүк тасымалын ұлғайтып, Шымкенттің транзиттік әлеуетін арттыру көзделіп отыр.
Жалпы екі ірі инфрақұрылымдық жобаның құрылысын жалғастыруға бөлінген қосымша қаржы көлемі 33,5 млрд теңгені құрайды.