СІМ-де Президент Жолдауы талқыланды
Астанада Сыртқы істер министрлігінің алқа отырысы өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Жолдауын жүзеге асыру жолдары талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
4 қарашада өткен жиынға Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді төрағалық етті. Отырыста Жолдауда белгіленген тапсырмаларды орындау, сондай-ақ Қазақстанның стратегиялық басымдықтарын халықаралық қауымдастыққа таныстыру мәселелері қаралды.
Министр биылғы Жолдаудың ел тарихындағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, құжат Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы тұсында жарияланып, мемлекеттің алдағы даму бағытын, ұзақ мерзімді мақсаттары мен негізгі міндеттерін айқындап отыр. Мұхтар Тілеуберді министрліктің орталық аппараты мен шетелдегі дипломатиялық өкілдіктердің жұмысы Президент тапсырмаларын орындауға бағытталуы қажет екенін атап өтті. Жолдаудағы басымдықтар сыртқы саясат саласындағы күнделікті қызмет пен алдағы жоспарлардың негізіне айналуға тиіс.
Жиында Қазақстанның стратегиялық серіктестерімен ынтымақтастықты кеңейту, көрші елдермен байланыстарды нығайту, халықаралық жүк тасымалын дамыту және өнеркәсіп саласындағы бірлескен жобаларды көбейту мәселелері де қозғалды.
Сыртқы істер министрлігі мен дипломатиялық өкілдіктердің басты міндеттерінің бірі – елге шетелдік инвестиция тарту. Бұл бағытта жаңа инвесторлар іздеу, заманауи технологияларды енгізу, өндірісті Қазақстанда орналастыру және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға басымдық берілмек.
Сонымен қатар шетелдік серіктестерді цифрландыру, жасанды интеллект және жаңартылатын энергетика салаларындағы жобаларға тарту қажеттігі айтылды. Жиында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға да ерекше назар аударылды. Қазақстан арқылы өтетін халықаралық транзиттік дәліздердің мүмкіндігін кеңейту сыртқы экономикалық саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Отырыс барысында Президент Жолдауын орындауға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары талқыланды. Министрлік басшылығы құжатта көзделген міндеттердің жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.
Алқа отырысы бейнеконференция форматында ұйымдастырылды. Оған министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері, Қазақстанның шетелдегі елшілері мен халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктерінің басшылары қатысты.