Степногорскіде жаңа асфальттың сапасы тексеріс кезінде әшкере болды
Степногорск қаласында жол жөндеу жұмыстарын тексеру кезінде депутат жаңа төселген асфальттың бір бөлігін қолымен жұлып алды. Кейбір учаскелерде жол жабынының сапасыз төселгені соншалық, оны күрексіз де, арнайы техникасыз да оңай алып тастауға болған, деп хабарлайды Baspasoz.kz. Бұл туралы step.news Instagram парақшасында видео материал шықты.
Тексеру 6-11 көшесіндегі жол учаскесінде жүргізілді. Сол жерде кей тұстарда асфальттың астындағы негіздің талапқа сай дайындалмағаны, ал бордюрлердің берік бекітілмегені анықталды.
Мердігер бұл учаскенің тиісті бақылаусыз қалғанын мойындап, анықталған кемшіліктерді жоюға уәде берді. Ол мәселе туындаған жерді қиыршық таспен толтырып, үстінен жаңа асфальт қабатын төсеуді ұсынды.
Алайда тексеруге қатысушылар мұндай шешіммен келіспеді. Олар сапасыз төселген асфальтты толық алып тастап, жол негізін қайта дайындап, содан кейін ғана жаңа асфальт төсеуді талап етті.