Су саласына инвестиция тарту талқыланды
Қазақстандағы су саясаты жөніндегі ұлттық диалогтың Ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің тоғызыншы отырысы өтті. Жиынды Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев ашты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Отырысқа БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, Германия елшілігінің өкілі Ульрих Кинне, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы, мемлекеттік органдар мен сарапшылар қатысты.
Арсен Жақанбаев су саласында соңғы уақытта бірқатар маңызды өзгеріс болғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Су кодексі күшіне енгеннен кейін қажетті нормативтік-құқықтық актілердің басым бөлігі әзірленіп, жаңа тетіктер іс жүзінде қолданыла бастаған.
Сонымен қатар еліміздегі сегіз су шаруашылығы бассейнінің барлығында бассейндік жоспарлар әзірленіп жатыр. Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі де өнеркәсіптік пайдалануға берілді.
Жиын барысында қазақстандық және халықаралық сарапшылар су шаруашылығын климаттың өзгеруіне бейімдеу жолдарын талқылады. Сондай-ақ өңірлерді сумен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін табиғатқа негізделген шешімдерді қолдану мүмкіндіктері қарастырылды.
Бұдан бөлек, су саласына жеке инвестиция тарту тетіктеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған жобаларды жеке капитал есебінен қаржыландыру мәселесі сөз болды. Қатысушылар Су және денсаулық проблемалары жөніндегі хаттаманың орындалу барысын да қарастырды.
Отырыс қорытындысында 2025–2026 жылдарға арналған Ұлттық диалогтың жұмыс жоспарының орындалуы сараланып, 2027 жылға арналған басым бағыттар талқыланды.
Жаңа жоспар жобасына су заңнамасын жетілдіру, су ресурстарын басқару мен жоспарлау жүйесін дамыту, климат өзгерісіне бейімделу, салаға инвестиция тарту және халықаралық ынтымақтастықты күшейту жөніндегі шаралар енгізілген.