BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Судың «қара нарығы» туралы анонимді хабарлауға болады

Gov.kz
Бөлісу Telegram

Су ресурстары және ирригация министрлігі Telegram желісінде «Судың қара нарығына жол жоқ!» атты чат-ботты іске қосты. Жаңа сервис су бөлу кезіндегі заңбұзушылықтар мен жемқорлық фактілері туралы анонимді түрде хабарлауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Жоба «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қолға алынған. Оның негізгі мақсаты – суару маусымында судың әділ бөлінуін қамтамасыз ету және «Қазсушар» РМК мен оның филиалдарындағы ықтимал құқықбұзушылықтардың алдын алу. Чат-бот арқылы азаматтар су беру және оны бөлу кезінде кездескен заңсыз әрекеттер туралы жедел хабарлама жолдай алады. Сондай-ақ қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алуға мүмкіндік бар.

Сервисті пайдалану үшін «Қазсушардың» филиалдары мен өндірістік учаскелерінде орналастырылған QR-кодты сканерлеу қажет. Чат-бот қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Өтінішті аты-жөнін көрсетпей-ақ жіберуге болады.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, судың заңсыз саудасына қарсы күресте ашықтық пен цифрлық бақылаудың маңызы зор.

Министрлік бұл бағытта құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен бірге су беру жөніндегі келісімшарттарды электронды форматқа көшіру және жерді қашықтан зондтау арқылы ғарыштық мониторинг жүргізу жүйесі енгізілуде. Бұл шаралар суару кезінде «Қазсушар» филиалдары мен өндірістік бөлімшелерінің жұмысын бақылауды күшейтуге бағытталған.

Чат-бот Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Бас прокуратура бекіткен судың «қара нарығын» жою жөніндегі Жол картасы аясында әзірленді.

Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылдың басынан бері бассейндік инспекциялар заңсыз су алу фактілері бойынша 99 әкімшілік айыппұл салған. Олардың жалпы сомасы 41 млн теңгеге жетті.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары