Тайланд қазақстандықтар үшін визасыз жүру мерзімін қысқартты
15 қыркүйектен бастап Қазақстан азаматтары Тайландта визасыз 60 күн емес, 30 күнге дейін ғана бола алады. Сонымен қатар елде болудың жалпы мерзімі әр 180 күн ішінде 90 күннен аспауға тиіс, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл өзгеріс Қазақстан азаматтарымен қатар бірқатар мемлекеттердің тұрғындарына қатысты. Жаңа тәртіп туралы Қазақстанның Тайландтағы елшілігі мәлімдеді.
Елшілік хабарламасында Тайланд үкіметінің тиісті шешімі 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап күшіне енетіні айтылған. Жаңа талапқа сәйкес, қазақстандықтар елге кірген күннен бастап 30 күнге дейін визасыз жүре алады. Егер осы кезең ішінде Тайландқа бірнеше рет барса, әр сапардағы күндер қосылып есептеледі. Яғни 180 күн ішінде елде өткізілген уақыттың жалпы ұзақтығы 90 күннен аспауы керек.
Егер сапар 30 күннен ұзаққа жоспарланса, туристер алдын ала тиісті виза рәсімдеуі қажет.
Елшілік ұзақ уақыт демалуды немесе алдағы айларда Тайландқа бірнеше рет баруды жоспарлаған азаматтарға жаңа талаптарды ескеруге кеңес берді.
Айта кетейік, 28 тамыздан бастап Тайландта шетел азаматтарын елден шығару тәртібі де өзгерді. Жаңа ережелер Тайланд заңын бұзған немесе қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін шетелдіктерге қатысты қолданылады.