Таиландта дипломаттар экологиялық акцияға қатысты

Таиландта дипломаттар экологиялық акцияға қатысты
Gov.kz

Таиландта Халықаралық волонтерлер жылы аясында экологиялық акция ұйымдастырылды. Оған 20-дан астам дипломатиялық миссия мен бес халықаралық ұйымның өкілдері қатысты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялаған болатын. Осыған байланысты әлемнің түрлі елінде волонтерлік пен тұрақты дамуға бағытталған іс-шаралар өтіп жатыр.

Солардың бірі Таиландтың Самутпракан провинциясындағы Wat Chak Daeng ғибадатханасында ұйымдастырылды. Таиланд Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен өткен акция экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғауға қоғамның назарын аударуға бағытталды.

Іс-шара барысында қатысушылар ғибадатханада жүзеге асырылып жатқан экологиялық жобалармен танысты. Мұнда пайдаланылған пластик бөтелкелер қайта өңделіп, одан монахтардың киімін тігуге арналған мата өндіріледі.

Сонымен қатар Wat Chak Daeng қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу тәсілдерін үйрететін білім беру орталығы ретінде де жұмыс істейді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар әр елдің өкілдерін ортақ экологиялық мақсатқа жұмылдырып, тұрақты дамудағы волонтерліктің рөлін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2026 жыл Таиландта да Волонтерлер жылы болып жарияланған.