ТМД елдері іздестіруде электронды ақпарат алмасады
Қазақстан мен ТМД елдері адамдарды мемлекетаралық іздестіру барысында электронды форматта ақпарат алмасуға көшеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Құрылтай «2010 жылғы 10 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады. Хаттамаға 2024 жылғы 8 қазанда Мәскеуде қол қойылған.
Құжатқа сәйкес, ТМД мемлекеттерінің құзыретті органдары іздестіру жұмыстарына қажетті мәліметтерді электронды түрде алмаса алады. Бұл адамдардың жүрген жерін анықтау және бірлескен іздестіру шараларын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Іздестіру сот шешімдерін орындаудан жалтарып жүрген адамдарды, хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды, сондай-ақ туыстарымен байланысын жоғалтқан немесе өзі туралы мәлімет бере алмайтын адамдарды қамтиды.
Хаттаманы ратификациялау ТМД елдері арасында іздестіру шаралары кезінде электронды ақпарат алмасудың құқықтық негізін қалыптастырады.