Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Баварияның іскерлік қауымдастығын Қазақстанның агроөнеркәсіп саласындағы мүмкіндіктеріне назар аударуға шақырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мемлекет басшысы Баварияның ауыл шаруашылығы техникасын жасау, ғылыми тәсілге негізделген егіншілік, су үнемдеу технологиялары және азық-түлік өндірісі бағыттарында мол тәжірибесі бар екенін атап өтті. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Қазақстанда шағын үлгілі шаруашылықтарды дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру ұсынылды. Мұндай жобалар аясында Еуропа талаптарына сай сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеуге басымдық берілмек.
Сонымен қатар Президент Мюнхендегі бизнес өкілдеріне Alatau City мегажобасын таныстырды. Жаңа қала бизнес, инвестиция және инновациялық жобаларды дамытуға арналған алаң ретінде қарастырылып отыр.
Бавариялық компаниялар Alatau City аумағында инженерлік және сервистік бөлімшелерін орналастырып, заманауи технологияларын таныстыра алады. Сондай-ақ жергілікті серіктестер тауып, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай бастамалардың нәтижелі болуы білікті мамандар даярлауға тікелей байланысты екенін айтты. Осыған орай Қазақстан Баварияда қалыптасқан кәсіптік білім берудің дуалды жүйесінің тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр.
Президенттің пікірінше, Қазақстанда бавариялық компаниялардың ірі өнеркәсіптік жобаларын жүзеге асыру барысында мамандардың кәсіби даярлығы мен инженерлік құзыретін арттыру мәселесіне де ерекше мән берілуі қажет.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Алматыда Бавария экономикасының өкілдігін ашуды ұсынды. Мұндай өкілдік неміс кәсіпорындарының Қазақстандағы ғана емес, жалпы Орталық Азиядағы қызметін дамытуға ықпал ете алады.