Тоқаев Бельгия Королі мен Патшайымын қарсы алды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайда Бельгия Королі Филипп пен Патшайыммен қысқаша әңгімелесті. Мемлекет басшысы мәртебелі меймандардың сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Президент Бельгия корольдік жұбының Қазақстанға келуін тарихи мәні бар оқиға деп бағалады. Оның айтуынша, бұл сапар еліміздің экономикалық дамуы қарқын алған кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр.
"Қазақстанға қош келдіңіздер. Сапарларыңыз мемлекетіміздің дамуындағы өте маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Жалпы, еліміз өркендеп, экономикасы ілгерілеп келеді. Сіздердің сапарларыңыз екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін береді деп айтуға болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Бельгия Королі Филипп жылы қарсы алып, ерекше құрмет көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді. Ол алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздер нәтижелі өтетініне сенім білдіріп, екі мемлекет арасындағы әріптестікті одан әрі кеңейтудің маңызын атап өтті.
"Ұшақ трапынан қазақ жеріне қадам басқан сәттен бастап көрсетілген сый-құрмет үшін Сізге алғыс айтамын. Үш күндік сапармен келгенімізге қуаныштымыз әрі еліңізбен жақынырақ танысамыз деп сенемін", – деді Король Филипп.
Айта кетейік, Бельгия корольдік жұбының Қазақстанға сапары үш күнге жоспарланған. Сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізіліп, Қазақстан мен Бельгия арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланбақ.