Тоқаев Дания Сыртқы істер министрін қабылдады

Тоқаев Дания Сыртқы істер министрін қабылдады
t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссенмен кездесті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Ақордада өткен кездесуде Қазақстан мен Дания арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Данияны Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Еуропалық одақтағы сенімді серіктестерінің бірі ретінде атап өтті. Келесі жылы екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толады.

«Біз Данияны Еуропаның беделді және ықпалды мемлекеті және сенімді серіктес ретінде қарастырамыз. Екіжақты ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор екеніне сенімдімін. Аталған мүмкіндіктерді толық пайдалану үшін тараптар осы бағытта белсенді әрі мақсатты түрде жұмыс істеуі қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың қазіргі жай-күйіне де тоқталды. Президент екі ел арасындағы ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік мол екенін айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Carlsberg компаниясының Алматы облысында инвестициялық жобаны жүзеге асыруын құптады. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынның Қазақстандағы тамақ өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесін атап өтті.