Тоқаев Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмедпен кездесті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмедпен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Тараптар саяси диалогты күшейту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту бағыттарына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Эфиопиямен қарым-қатынасты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның Аддис-Абебадағы елшілігі елдің Африка құрлығындағы алғашқы дипломатиялық өкілдіктерінің бірі саналады. Сонымен қатар Қазақстан Африка Одағында бақылаушы мәртебесіне ие.
Президент екі ел арасындағы сауда көлемін арттыру іскерлік байланыстарды дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара сауда және инвестициялық әлеуетті зерделеу үшін екі ел делегацияларының сапарларын ұйымдастыруға келісті. Сондай-ақ Қазақстанда Эфиопиядан шай, кофе және гүл өнімдерін жеткізуге арналған арнайы хаб құру мүмкіндігін қарастыру жоспарланды.