Тоқаев ел дамуының негізгі міндеттерін атады

Тоқаев ел дамуының негізгі міндеттерін атады
t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында еңбек нарығы, маман даярлау, елді мекендерді дамыту және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуы мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту барысында елде ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылады. Ал 2035 жылға қарай Қазақстанға 2,9 миллион маман қажет болады. Оның 1,8 миллионы – жұмысшы мамандар. Кадр тапшылығы әсіресе өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ІТ салаларында сезіледі.

Қазір елдегі 763 колледжде 500 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Сонымен қатар кәсіптік бағдар беру мен дуальді оқытуға басымдық берілуде. Арнайы дипломы болмаса да, қажетті дағдысы бар азаматтар 22 орталықта кәсіби біліктілігін растай алады.

Президент Астанада жүзеге асырылып жатқан «Joltap» жобасын тиімді тәжірибе ретінде атап өтті. Үш жылда жоба аясында 22 мыңнан астам адам білім алған. Олардың 60 пайызы жұмысқа орналасса, екі мыңға жуығы жеке кәсібін ашқан. Мемлекет басшысы бұл тәжірибені еліміздің барлық өңіріне таратуды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуына да назар аударды. Оның сөзінше, ауылдар мен қалаларды дамыту тек мемлекеттің міндеті болмауы керек. Бұл іске кәсіпкерлер, Халық Кеңесінің мүшелері және тұрғындар да белсенді атсалысуы қажет.

Президент билік, өкілді органдар және азаматтық қоғам бірлесе жұмыс істеген жағдайда елді мекендердің дамуына серпін беруге болатынын айтты. Қалалар, көшелер мен саябақтарды таза ұстау қоғам мәдениетін қалыптастырумен тікелей байланысты екенін атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы азаматтардың мемлекеттік басқаруға тікелей қатысуына мүмкіндік беретін тетіктерді дамыту қажеттігін айтты. Осы мақсатта Қазақстан Халық Кеңесі құрамының үштен бірі қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен жасақталған.

Президенттің пікірінше, елдегі өзгерістердің жаңа кезеңінде кәсіби ортада мойындалған, өз саласын жетік білетін азаматтардың белсенділігі маңызды. Ол қоғамдық бақылау мен кері байланыс тетіктерінің қалыптасқанын атап өтіп, реформаларды жалғастыруда жүйелілік пен тұрақтылық қажет екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы елді жаңғырту жолында билік пен қоғамның бірлескен жұмысы шешуші рөл атқаратынын атап өтті.