Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мемлекет басшысы тәжік көшбасшысын туған күнімен құттықтап, ел игілігі жолындағы мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонның тәуелсіз Тәжікстанның қалыптасуына, елдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға және мемлекеттің ұзақмерзімді дамуына қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Президенті қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын дамытудағы Эмомали Рахмонның рөліне жоғары баға берді.
Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі даму қарқынына оң баға беріп, түрлі саладағы байланысты одан әрі кеңейтудің маңызын атап өтті.
Телефон әңгімесі барысында президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, алдағы кездесулердің жоспарын талқылады.