Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың волонтерлік қызметке белсенді араласуының маңызын атап өтті. Президент еріктілердің еңбегін қолдайтынын айтып, олардың қызметін елге деген шынайы жанашырлықтың көрінісі деп бағалады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстанда 2020 жылдың Волонтер жылы ретінде аталып өткенін еске салды. Сондай-ақ оның бастамасымен 2026 жыл Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланғанын айтты. Президент бұл шешімге әлем елдерінің басым бөлігі қолдау білдіргенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан волонтерлік қызметті Конституция деңгейінде бекіткен санаулы мемлекеттердің қатарына кіретінін атап өтті. Осыған байланысты ол елдегі және шетелдегі барлық еріктілерді құттықтады.
Президент бұған қоса «Таза Қазақстан» жобасына тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы БҰҰ мінберінде осы бастаманың жүзеге асырылып жатқанын айтып, 22 сәуірді «Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні» ретінде белгілеуді ұсынған. Мемлекет басшысы бұл бастаманы БҰҰ Бас Ассамблеясына мүше мемлекеттердің қолдағанын айтты.
Тоқаев мұндай бастамалар Қазақстанның заманауи жаһандық үрдістерге сай дамып келе жатқанын көрсететінін атап өтті.
Президент сөз соңында елдің болашағын білімді, белсенді және талапты жастармен байланыстырды. Еріктілерге амандық пен сәттілік тіледі.