Тоқаев Германиямен білім саласындағы серіктестікті кеңейтуді ұсынды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Германия жоғары оқу орындарының ынтымақтастығы аясында ел экономикасының сұранысына бейімделген білім және ғылым орталықтары құрылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мемлекет басшысының сөзінше, осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында Қазақстан-Германия бірлескен университеттері ашылған.
Президент академиялық ынтымақтастық нақты экономикалық және технологиялық қажеттіліктермен ұштасқанда ғана тиімді нәтиже беретінін атап өтті. Оның айтуынша, жоғары оқу орындары өндіріс саласымен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Ғылыми зерттеулер жаңа технологиялардың пайда болуына ықпал етіп, ал білім беру жүйесі экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз етуге тиіс.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған үш негізгі бағытты ұсынды. Бұл бастамалар білім алмасумен шектелмей, ортақ білім мен ғылыми әлеуетті бірлесе қалыптастыруды көздейді.
Бірінші бағыт – бірлескен білім беру бағдарламаларының санын арттыру және серіктес жоғары оқу орындары арасындағы қос диплом бағдарламаларын кеңейту.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германия студенттері мен зерттеушілерінің бірлесіп жұмыс істеуіне көбірек мүмкіндік жасау қажет екенін айтты. Сондай-ақ екі ел арасындағы академиялық байланысты нығайтатын арнайы білім алмасу бағдарламасын іске қосуды ұсынды.