Тоқаев Германияның бизнес және қаржы өкілдерімен кездесті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапарының алғашқы күнінде елдің жетекші экономикалық қауымдастықтары мен қаржы институттарының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кездесу барысында Германияның қаржылық мүмкіндіктері, тәжірибесі мен тәуекелдерді басқару тетіктерін Қазақстанның ресурстық әлеуеті және көлік саласындағы мүмкіндіктерімен ұштастыру мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстан Германияның Орталық Азия мен Еуразия кеңістігіндегі сенімді серіктесі болуға ұмтылатынын атап өтті. Оның айтуынша, еліміз Германияның банк секторындағы тәртібін, инженерлік шешімдерінің сапасын және шағын әрі орта бизнестің тұрақтылығын жоғары бағалайды. Президент Германияны Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі деп атап, екі ел арасындағы экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына да тоқталды. Ол S&P агенттігі еліміздің тәуелсіз кредиттік рейтингін «тұрақты» болжаммен BBB деңгейіне көтергенін, Fitch агенттігі де осындай баға бергенін айтты.
Сонымен қатар Президент соңғы он жылда Қазақстанда өңірдегі озық цифрлық және қаржылық экожүйелердің бірі қалыптасқанын атап өтті.
Мемлекет басшысының мәліметінше, өткен жылы даму институттары Қазақстан экономикасын қаржыландыруға 20 миллиард доллар бөлген. Қазақстан даму банкі де неміс қаржы ұйымдарымен бірлесіп өнеркәсіп, энергетика және көлік инфрақұрылымы салаларындағы жобаларды жүзеге асырып келеді.
Осы бағытта Deutsche Bank, Helaba, LBBW, Commerzbank, KfW және басқа да қаржы институттарынан жалпы 1,2 миллиард доллар қаражат тартылған.