Тоқаев Hanwha Group вице-төрағасымен кездесті

Тоқаев Hanwha Group вице-төрағасымен кездесті
t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Hanwha Group компаниясының вице-төрағасы Ким Дон Вонды қабылдады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесу барысында Қазақстан мен Корея арасындағы инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Корея Республикасымен стратегиялық серіктестікке ерекше мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Hanwha Group – стратегиялық маңызды салаларда халықаралық деңгейде орныққан ірі кореялық бизнес топтарының бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ұлттық жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру және цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Президент Hanwha Group компаниясына Қазақстанды Орталық Азия нарығына шығуға мүмкіндік беретін технологиялық алаң ретінде қарастырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның компаниямен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ тараптар арасындағы уағдаластықтар нақты әрі өзара тиімді жобаларға айналатынына сенім білдірді.

Ким Дон Вон өз кезегінде Hanwha Group-тың Қазақстанмен ынтымақтастықты 1997 жылы бастаған алғашқы кореялық корпорациялардың бірі екенін айтты. Ол компанияның Қазақстандағы цифрландыру үдерістеріне және бірлескен жобаларға қатысу мүмкіндігіне қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.