BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Тоқаев Hyundai Motor Group президентімен кездесті

Дана Зарылханқызы
t.me/aqorda_resmi
Бөлісу Telegram

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Hyundai Motor Group корпорациясының президенті, стратегия және жоспарлау бөлімінің жетекшісі Сунг Кимді қабылдады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесуде Қазақстандағы инвестициялық және өнеркәсіптік-технологиялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ жаңа ірі жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Кездесуге Hyundai Engineering және Kia компанияларының өкілдері де қатысты.

Мемлекет басшысы Hyundai Motor Group-тың Қазақстанның автомобиль өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Оның айтуынша, өндірісті жергілікті қамту үлесін арттыру, автобөлшектер өндірісін жолға қою және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту маңызды.

Бұл ретте Алматыдағы Hyundai және Қостанайдағы Kia зауыттарының маңызы ерекше. Президент Қазақстанды автомобиль өндіру мен экспорттаудың ірі өңірлік орталығына айналдыру және өндірістің толық циклін қалыптастыру міндеті тұрғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі ретінде электр көлігі саласын атады. Атап айтқанда, электромобильдер мен оларға қажетті бөлшектерді өндіру, сондай-ақ зарядтау инфрақұрылымын дамыту мәселесіне тоқталды.

Сунг Ким Hyundai мен Kia жобаларына көрсетіліп келе жатқан қолдау үшін Президентке алғыс білдірді. Оның сөзінше, Қазақстан Hyundai Motor Group үшін тек өткізу нарығы емес, ТМД елдеріне бағытталған маңызды өңірлік өндірістік орталық саналады.

Компания басшылығы Қазақстандағы өндіріс көлемін ұлғайтып, жергілікті қамту деңгейін арттыруға ниетті екенін жеткізді.

Сонымен қатар Hyundai Engineering мұнай-газ, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларындағы бірлескен жобаларды дамытуға қызығушылық танытты. Ал Kia өкілдері Қазақстанның ұлттық автомобиль брендін қалыптастыруға атсалысуға дайын екенін мәлімдеді.-

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары