Тоқаев ITTF президенті Петра Сёрлингпен кездесті

Тоқаев ITTF президенті Петра Сёрлингпен кездесті
t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) президенті Петра Сёрлингті қабылдады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесуде Мемлекет басшысы Қазақстанда үстел теннисін дамытуға көрсеткен қолдауы үшін Петра Сёрлингке алғыс білдірді. Сондай-ақ Қазақстанның ITTF-пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ел жастары арасында үстел теннисіне қызығушылық артып келеді. Қазір Қазақстанда 260 мыңнан астам адам осы спорт түрімен тұрақты айналысады. Мемлекет спорт резервін даярлау және жарыстар өткізу үшін қажетті инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріп отыр.

Президент 2027 жылы Астанада өтетін үстел теннисінен әлем чемпионатын ұйымдастыруға атсалысқаны үшін ITTF басшысына ризашылығын білдірді. Бұл Орталық Азияда осы спорт түрінен өткізілетін алғашқы әлем чемпионаты болмақ.

Тараптар алдағы жарыстың өңірдегі үстел теннисінің дамуына ықпалы туралы да пікір алмасты. Турнир Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия елдерінде де спорттың танымалдығын арттыруға мүмкіндік бермек.

Өз кезегінде Петра Сёрлинг Мемлекет басшысына үстел теннисіне көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс айтып, ITTF-тің спортты одан әрі дамыту және насихаттау жоспарларымен бөлісті.