Тоқаев Израиль Президентімен кездесті

Тоқаев Израиль Президентімен кездесті
t.me/aqorda_resmi

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль басшысы Ицхак Герцогпен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастық пен Таяу Шығыстағы жағдайды талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесу Бакуде өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің жетінші саммиті аясында ұйымдастырылды.

Тараптар Қазақстан мен Израиль арасындағы байланыстың нығайып келе жатқанын атап өтіп, сауда, экономика және инвестиция салаларындағы бірлескен жұмысты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Президентінің биыл сәуір айында Астанаға жасаған сапары екіжақты қарым-қатынастың дамуына тың серпін бергенін айтты.

Өз кезегінде Ицхак Герцог Қазақстанға сапарын жылы еске алып, еліміздің түрлі саладағы жетістіктері мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Сондай-ақ Израиль басшысы Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қосылуын құптады. Оның пікірінше, бұл қадам халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.

Кездесуде халықаралық мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Әсіресе Таяу Шығыстағы ахуалға ерекше көңіл бөлінді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі шиеленісті бәсеңдетудің маңызын атап өтіп, кез келген қақтығысты келіссөздер мен дипломатиялық жол арқылы шешу қажет екенін айтты. Президент Қазақстанның осы ұстанымнан айнымайтынын жеткізді.