Тоқаев қазақ-корей дөңгелек үстелінде сөз сөйледі

Тоқаев қазақ-корей дөңгелек үстелінде сөз сөйледі
t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Корея Республикасының іскер топтары қатысқан қазақ-корей дөңгелек үстелінің ашылуында сөз сөйледі, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Мемлекет басшысы соңғы 30 жылда Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында өзара сенім, құрмет пен достыққа негізделген тұрақты байланыс қалыптасқанын атап өтті. Оның айтуынша, екі елдің саяси диалогы мен түрлі салалардағы ынтымақтастығы серіктестікті одан әрі дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяны Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі ретінде атады. Президент корей компанияларының Қазақстан экономикасына қосып отырған үлесін жоғары бағалап, екіжақты іскерлік байланысты одан әрі нығайту маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысының мәліметінше, былтыр Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 3 миллиард доллардан асты. Ол үкіметтер мен бизнес өкілдері бірлесіп жұмыс істесе, бұл көрсеткішті бірнеше есе арттыруға болатынын жеткізді.

Президент Кореяның Қазақстанға салған инвестициясы 12 миллиард доллардан асқанын атап өтті. Қазір елімізде Samsung, Kia, Hyundai, Lotte, Doosan Enerbility және Shinhan Bank сияқты компанияларды қоса алғанда, корей капиталы қатысатын мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарып, экономикалық әрі іскерлік серіктестікті кеңейтуге Қазақстанның мүдделі екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі сапар бұған дейінгі бірлескен жұмыстың нәтижелерін саралап, өзара ынтымақтастыққа жаңа серпін беруге мүмкіндік береді.