Тоқаев қазан айында халыққа Жолдауын жариялайды

Тоқаев қазан айында халыққа Жолдауын жариялайды
t.me/aqorda_resmi

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында Қазақстан халқына Жолдауын жариялайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде айтты, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-к сілтеме жасап хабарлайды.

Президенттің сөзінше, елде ауқымды реформалар жүзеге асырылып, мемлекеттік институттарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның қабылдануын елдегі өзгерістердің маңызды кезеңі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, Ата заң мемлекетті дамытудың негізгі бағытын айқындап, алдағы реформаларға негіз болды.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Құрылтайдың жаңа құрамы жасақталғанын, вице-президент тағайындалып, Үкіметтің жаңартылған құрамы жұмысын бастағанын айтты. Бұдан бөлек, Қауіпсіздік кеңесінің аппараты құрылды.

Алдағы уақытта Қазақстан Халық кеңесінің құрамы бекітіледі. Құрылтай депутаттарымен келісу арқылы Конституциялық соттың судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалмақ.

«Осылайша негізгі мемлекеттік институттар толық жаңартылады. Бұл шаралар елімізде жүзеге асырылып жатқан кешенді реформалардың ажырамас бөлігі. Қазан айында Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына Жолдау жариялаймын. Онда алдағы кезеңге арналған мақсаттар мен міндеттерді айқындаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.