Тоқаев корей диаспорасының рөлін атап өтті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Корея арасындағы байланысты дамытуда еліміздегі корей ұлты өкілдерінің рөлі маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мемлекет басшысының сөзінше, бүгінде Қазақстанда 100 мыңнан астам корей тұрады. Олар елдің экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына елеулі үлес қосып келеді. Президент Қазақстанда барлық этнос өкілдеріне өз мәдениеті мен дәстүрін дамытуға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.
Тоқаевтың айтуынша, корё-сарам қауымдастығы Қазақстандағы қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға атсалысып келеді. Елімізде корей мәдени орталықтары жұмыс істейді. Алматыдағы академиялық корей театры өнер сүйер қауымға танымал. Сонымен қатар корей тілінде газет жарық көріп, радиобағдарламалар таратылады.
Президент қазақ-корей достығын одан әрі нығайту екі елдің ортақ мүддесіне сай келетінін жеткізді.
«Бүгін қазақ-корей қарым-қатынасы үшін маңызды күн деп санаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сапары аясында Кореяның бірқатар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл марапат – Қазақстан халқының Кореяға деген шынайы құрметінің белгісі.
Тоқаев корей қауымдастығы алдағы уақытта да Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты дамытуға үлес қосатынына сенім білдірді.