Тоқаев Корея Ұлттық Ассамблеясының Спикерімен кездесті

Тоқаев Корея Ұлттық Ассамблеясының Спикерімен кездесті
t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері Чо Чжон Шикпен кездесті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Мемлекет басшысы Чо Чжон Шикті Спикер қызметіне сайлануымен құттықтап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Президент Корея Президенті Ли Чжэ Мёңмен өткен келіссөздердің нәтижесіне тоқталды. Оның айтуынша, тараптар Қазақстан мен Корея арасындағы байланыстарды болашаққа бағытталған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткізген.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Корея парламентінің өкілдеріне Қазақстанда мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыруға бағытталған саяси реформалар туралы айтты.

Президенттің мәліметінше, 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енді. Реформа аясында екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы құрылым енгізіліп, Вице-Президент лауазымы пайда болды. Сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылып, конституциялық мәртебеге ие консультативтік орган – Халық Кеңесі жұмысын бастады.

Мемлекет басшысы бұл өзгерістердің мақсаты Әділетті, Күшті, Таза әрі Озық Қазақстан құру екенін атап өтті.