Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулде Корея Республикасының бірқатар мемлекет және қоғам қайраткеріне II дәрежелі «Достық» орденін табыстады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қазақстан мен Корея арасындағы достық пен өзара құрметтің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, екі елдің географиялық тұрғыдан алшақ орналасқанына қарамастан, ортақ мүдде мен өзара сыйластық мемлекеттерді жақындастырып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасын Қазақстанның стратегиялық серіктесі ретінде атап, елдер арасындағы ынтымақтастықтың жыл сайын нығайып келе жатқанын жеткізді. Бұған дейін, бес жыл бұрын, Қазақстан мен Корея арасында Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылданған.
Президенттің сөзінше, екі мемлекет арасында тұрақты саяси диалог қалыптасқан. Сауда-экономикалық байланыстар да қарқынды дамып келеді. Қазақстанда машина жасау, энергетика, металлургия және жоғары технология салаларында бірқатар ірі бірлескен жоба жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ Кореяның ірі компаниялары Қазақстан нарығында табысты жұмыс істеп жатқаны айтылды. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың да нығайғанын атап өтті.