Тоқаев Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездесті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың бірқатар ірі компаниясының басшыларымен кездесіп, энергетика, цифрландыру және қаржы салаларындағы бірлескен жобаларды талқылады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мемлекет басшысы Hong Kong Sino-Science Oil and Gas компаниясының басшысы Инь Цайванды, VNET Group басшысы Чэнь Шэнді, Shanghai Junhe Atomic Technology басшысы Тянь Цзяшуды және Silk Road Finance Corporation басшысы Ли Шаньды қабылдады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті технологиялық және өнеркәсіптік жобалар арқылы одан әрі дамыту мәселесіне назар аударылды. Президент Қытайдың жетекші компанияларының Қазақстан нарығына қызығушылығы елге деген сенімнің жоғары екенін көрсететінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Инь Цайванға «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумын ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Президент Hong Kong Sino-Science Oil and Gas компаниясының Қазақстан экономикасына 3 миллиард доллардан астам инвестиция салғанын және мұнай-газ саласындағы ірі кәсіпорындардың біріне айналғанын атап өтті.
VNET Group директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы Чэнь Шэн Қазақстанда Деректерді өңдеу орталықтары алқабын құруға және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға қатысуға ниетті екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның қытайлық компаниялармен инвестиция тарту, технологияларды жергілікті өндіріске енгізу, бірлескен зерттеулер жүргізу, мамандарды қолдау және құзыреттер орталықтарын құру бағыттарында ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін айтты.
Shanghai Junhe Atomic Technology компаниясымен ықпалдастық аясында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мүмкіндіктері де қарастырылды. Атап айтқанда, табиғи уранды өңдеу мен ядролық отын өндіруден бастап шағын модульді реакторларды орнатуға дейінгі толық өндірістік тізбек құру мәселесіне мән берілді.
Қытайлық компаниялардың өкілдері Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған шаралар мен жүргізіліп жатқан реформаларды атап өтті. Сондай-ақ олар дәстүрлі энергетикадан бөлек, ел экономикасының басқа да салаларына инвестиция көлемін арттыруға мүдделі екенін жеткізді.