Тоқаев мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін көтерді

Тоқаев мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін көтерді
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін көтерді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, жергілікті өкілді органдардың басым бөлігі бұған дейін "Amanat" партиясының атынан сайланған. Алайда саяси ұйымның "Әділет" партиясына қосылуына байланысты мәслихат депутаттарының қазіргі өкілеттігіне қатысты мәселе туындаған.

Тоқаев бұл мәселені жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен талқылайтынын айтты. Осы кеңестерден кейін тиісті Жарлыққа қол қою жоспарланып отыр.

"Содан соң тиісті Жарлыққа қол қоямын. Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек. Бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби корпусын қалыптастыруға жол ашып, оның жұмысына тың серпін береді", – деді Президент.

Егер мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес кезектен тыс сайлау өткізіледі.