Тоқаев өнеркәсіпте ЖИ-ді кеңінен қолдануға шақырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ақордада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы өтті. Жиынның негізгі тақырыбы өнеркәсіп саласын цифрлық трансформациялау болды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект жаңа цифрлық дәуірдегі елдердің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлардың біріне айналғанын айтты. Президенттің сөзінше, БҰҰ-ның Өнеркәсіптің дамуы туралы 2026 жылғы есебінде жасанды интеллект әлемдік экономиканы өзгертетін бес негізгі мегатрендтің қатарына енгізілген. Соңғы бес жылда ЖИ-ге қатысты патенттердің үлесі шамамен үш есе артқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан технологиялық өзгерістерден тыс қалмай, жасанды интеллект мүмкіндіктерін өндірісте белсенді пайдалануы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, басты міндет – еңбек өнімділігін арттыру, технологиялық жаңғыруды жеделдету және қосылған құны жоғары өнім көлемін көбейту.
Президент 2029 жылға дейінгі Digital Kazakhstan стратегиясы аясында нақты экономикалық нәтижеге бағытталған жасанды интеллектінің ұлттық экожүйесі қалыптасып жатқанын да айтты.
Мемлекет басшысы келтірген дерек бойынша, биылғы сегіз айда Қазақстан өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 46 триллион теңгеге жуықтаған. Ал өңдеу өнеркәсібі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4 пайызға өскен.
Президент экономикалық өсімді сақтау үшін өнеркәсіптік базаны жаңғыртып, еңбек өнімділігін көтеру қажет екенін атап өтті. Бұл бағытта жасанды интеллект инженерлердің жұмысын жеңілдетіп, өндіріс тиімділігін арттыруға және басшылардың жедел әрі негізделген шешім қабылдауына көмектесуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жасанды интеллектінің негізгі құндылығы – адамды алмастыру емес, оның мүмкіндігін кеңейту. Қазақстанның өнеркәсіп саласындағы саясаты да осы қағидатқа негізделмек.