Тоқаев Орталық Азия мен Корея арасындағы экономикалық байланысты дамытуға тоқталды

Тоқаев Орталық Азия мен Корея арасындағы экономикалық байланысты дамытуға тоқталды
t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» алғашқы бизнес-саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Президент Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азия елдерімен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге деген ұмтылысын жоғары бағалайтынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси ахуал жаһандық сауда мен экономикалық тұрақтылыққа әсер етіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен түсіністік ұзақмерзімді бизнес серіктестікті дамытуда маңызды рөл атқарады.

Президент Орталық Азияның табиғи ресурстарға бай екенін және өңірдегі тұтыну нарығы мен халық саны өсіп келе жатқанын атап өтті.

Тоқаевтың мәліметінше, өткен жылы Орталық Азия елдерінің жиынтық жалпы ішкі өнімі 550 миллиард долларға жуықтап, экономикалық өсім 6 пайыздан асқан. Бұл көрсеткіш әлемдегі орташа өсімнен шамамен екі есе жоғары.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және көлік салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратынын айтты. Сондай-ақ Қазақстан Кореяның өндірістік, технологиялық және қаржылық мүмкіндіктерін Орталық Азияның әлеуетімен ұштастыруға дайын екенін жеткізді.-