Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулге мемлекеттік сапары барысында БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы, Жаһандық жасыл даму институтының (GGGI) төрағасы Пан Ги Мунмен кездесті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кездесу кезінде Мемлекет басшысы дамушы мемлекеттердің «жасыл экономикаға» көшуіне ықпал ететін GGGI жұмысының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, институттың қызметі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, климат өзгерісіне бейімделуге және экономикалық өсуді қолдауға бағытталған.
Өз кезегінде Пан Ги Мун Қазақстанның орнықты даму бағытындағы жетістіктерін жоғары бағалап, жаһандық климаттық күн тәртібі аясындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Тараптар сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау және ұйымның қазіргі заман талаптарына сай жұмыс істеуі мәселелерін талқылады.