BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Тоқаев пен Корея Ұлттық Ассамблеясының Спикері қазақ этноауылын аралады

Дана Зарылханқызы
t.me/aqorda_resmi
Бөлісу Telegram

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері Чо Чжон Шик Сеулдегі Ханган саябағында орналасқан қазақ этноауылына барды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Этноауылда қонақтарға қазақ халқының тарихы мен дәстүрі, ұлттық өнері және мәдени мұрасы таныстырылды. Мәртебелі меймандар киіз үйді аралап, қазақтың дәстүрлі құндылықтарын заманауи форматта көрсететін «Жеті қазына» голографиялық инсталляциясын тамашалады. Көрмеде қазақ шеберлері жасаған зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер мен киізден дайындалған бұйымдар қойылды. Сондай-ақ домбыра, дауылпаз және жетігеннің сүйемелдеуімен музыкалық бағдарлама ұсынылды.

Этноауыл қонақтарына «Бірлік» би ансамблі мен Қазақстан Республикасының академиялық корей театры балет труппасының бірлескен қойылымы көрсетілді. «Достық» композициясы Қазақстан мен Корея халықтарының өзара құрметі мен достығын бейнеледі.

Мемлекет басшысы мен Ұлттық Ассамблея Спикеріне қазақтың садақ ату өнері мен мергендердің шеберлігі де көрсетілді.

Арнайы диджитал-киіз үйде қазақтың дәстүрлі баспанасының заманауи үлгісі таныстырылды. Панорамалы LED-экраннан Қазақстандағы корей этносының тарихы мен мәдениеті, сондай-ақ екі ел арасындағы достыққа арналған бейнематериалдар көрсетілді.

Іс-шара аясында Ханган саябағының аспанына дрондар көтеріліп, Қазақстан мен Кореяның мемлекеттік тулары бейнеленді. Сонымен қатар «Қазақстан мен Корея – жарқын келешек жолында» деген жазуы бар дирижабль ұшырылды.

Этноауыл екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған бастамалардың бірі болды.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары