Тоқаев пен Ли Чжэ Мёң екіжақты серіктестікті кеңейту мәселесін талқылады

Тоқаев пен Ли Чжэ Мёң екіжақты серіктестікті кеңейту мәселесін талқылады
t.me/aqorda_resmi

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді. Кездесу Қазақстан Президентінің Кореяға мемлекеттік сапары аясында өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Чжэ Мёңге Кореяға шақырғаны үшін алғыс айтып, сапардың екі ел арасындағы байланыстарды дамыту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Кореяның экономика, ғылым және технология салаларындағы жетістіктеріне тоқталып, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

Тоқаев сондай-ақ генерал Хон Бом Доның тарихи мұрасына тоқталды. Оның есімі Қызылорда қаласындағы көшеге беріліп, қалада генералға арналған мемориалдық кешен ашылғанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Корея арасындағы өзара сенім мен достыққа негізделген стратегиялық әріптестік жаңа деңгейге көтеріліп келеді.

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты қатынастарды болашаққа бағытталған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің сыртқы істер министрлері тиісті вербалды ноталар алмасты.

Сонымен қатар Қазақстан мен Корея энергетика, ғылым және технология, атом энергетикасы, көлік, инфрақұрылым, мәдениет және басқа да салалар бойынша бірқатар ынтымақтастық құжаттарына қол қойды.