Тоқаев пен Оман Сұлтаны кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Оман Сұлтанының Орталық Азияға алғаш рет ресми сапармен келгенін атап өтіп, бұл сапар екі ел арасындағы қатынасқа жаңа серпін беретінін айтты. Президент Қазақстан Оманды араб әлеміндегі сенімді әрі уақыт сынынан өткен серіктес ретінде бағалайтынын жеткізді. Оның сөзінше, 2027 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 35 жыл толады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Оман Премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саид бастаған делегацияның Астанаға сапары екіжақты байланыстың жандана түскенін көрсеткенін атап өтті.
Келіссөздер аясында тараптар энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, цифрландыру, денсаулық сақтау және өзге де салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қою және серіктестіктің басым бағыттарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдау жоспарланған.
Президент екі ел арасындағы ортақ жобалардың жүзеге асырылуына оң баға берді. Олардың қатарында "Доңға" мұнай кен орнын игеру, Solidcore Resources компаниясының Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы кәсіпорындары, Oman Investment Authority бірлескен инвестициялық қоры, сондай-ақ қонақ үй және шипажай инфрақұрылымын дамыту жобалары бар.
Мемлекет басшысы қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Оман арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.