Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге тоғызыншы шақырылымдағы Мемлекеттік Дума сайлауының өтуіне байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Президент өз құттықтауында сайлаудың Ресейдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті. Оның айтуынша, дауыс беру нәтижелері Ресейдің ұзақмерзімді дамуына бағытталған стратегиялық саясатқа қолдаудың бар екенін көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан сайланған Мемлекеттік Дума депутаттары азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және елдің әлеуетін нығайтуға бағытталған тиімді шешімдер қабылдайтынына сенім білдірді. Жеделхатта Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтастық қатынастарды дамытудағы парламентаралық ынтымақтастықтың маңызы да атап өтілді.
Мемлекет басшысы Қазақстан Парламенті мен Ресей Мемлекеттік Думасы депутаттары екіжақты байланыстарды және стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыратынына сенім білдірді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Ресейдің дамуы жолындағы мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.