Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 12-13 қыркүйек аралығында Үндістанға жұмыс сапарымен барады. Сапар Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидің шақыруымен ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Мемлекет басшысы Нью-Делиде өтетін БРИКС XVIII саммитінің «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбындағы «аутрич»/«БРИКС+» форматындағы пленарлық отырысына қатысып, сөз сөйлейді.
Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Нарендра Модимен келіссөз өткізіп, сондай-ақ бірқатар мемлекет және үкімет басшыларымен екіжақты кездесулер өткізеді.
Одан кейін, 14-16 қыркүйек күндері Президент Ли Чжэ Мёңнің шақыруымен Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барады.
15 қыркүйекте Сеулде Қазақстан мен Корея арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамыту мәселелері талқыланатын жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Оңтүстік Кореяның жетекші компанияларының басшыларымен кездеседі.
16 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» алғашқы саммитіне қатысады.