Төрехан Сабырхан 12 жылдан кейін Қазақстанға алтын әкелді
Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Айчи–Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Сабырхан финалда Иордания өкілі З. Ишашпен жұдырықтасты. Қазақстандық спортшы қарсыласын төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен 5:0 есебімен жеңді.
Бұл - Қазақстан боксының Азия ойындарындағы 12 жылдан кейінгі алғашқы алтыны. Бұған дейін қазақстандық боксшылар 2014 жылы Инчхонда өткен додада чемпион атанған еді. Ал 2018 жылғы Джакарта және 2022 жылғы Ханчжоу ойындарында ұлттық құрама бокстан алтын жүлдеге қол жеткізе алмады.
Төрехан Сабырхан халықаралық жарыстарда бұған дейін де жоғары нәтиже көрсеткен. 2025 жылы ол Ливерпульде өткен World Boxing ұйымының ересектер арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. Сол бәсекеде Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль иеленген.
Қазақстанда бүгінде бокспен 153 мыңнан астам адам айналысады. Елдің 20 өңірінде 2 мыңнан астам жаттықтырушы еңбек етеді, ал балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 39 мыңнан астам бала бокс үйірмесіне қатысады.
2026 жылы ұлттық құрама Қытайда өткен Әлем кубогының кезеңінде бес алтын медаль жеңіп алса, Испаниядағы Boxam Elite халықаралық турнирінде қазақстандық боксшылар 17 жүлдеге, оның ішінде алты алтынға қол жеткізді.
Төрехан Сабырханның жеңісі Қазақстан боксына Азия ойындарындағы 12 жылдық үзілістен кейін алтын медаль әкелді.