Трансшекаралық инфрақұрылымға төнетін қауіп күшейіп келеді

Трансшекаралық инфрақұрылымға төнетін қауіп күшейіп келеді
t.me/aqorda_resmi

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев трансшекаралық инфрақұрылымға төнетін қауіп-қатердің күшеюін қазіргі әлемдегі күрделі мәселелердің бірі ретінде атады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, бейбітшілік пен стратегиялық тұрақтылық экономикалық және тұрақты дамудың негізгі шарттарының бірі. Осыған байланысты аймақтардағы шиеленісті саяси диалог пен дәйекті дипломатия арқылы бәсеңдетіп, ұзақмерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу маңызды.

Президент халықаралық қауіпсіздік жүйесінің әлсіреуі мен ұзаққа созылған қақтығыстар жаңа қарулану жарысын күшейтіп, стратегиялық қателіктер мен қате шешімдер қабылдау қаупін арттыратынын атап өтті. Осы ретте ядролық қаруға және жаңа технологияларға байланысты қатерлерді азайту үшін ядролық қаруы бар мемлекеттер арасында жоғары деңгейдегі диалог қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев жетекші державалар арасындағы сенімнің төмендеуі БҰҰ-ның тиімді жұмыс істеу мүмкіндігін шектеп отырғанын жеткізді. Дегенмен, оның пікірінше, БҰҰ-ға балама жоқ. Ұйымды реформалау оның қақтығыстардың алдын алу және ортақ шешімдер қабылдау мүмкіндігін күшейтуге бағытталуы тиіс.

Президент БҰҰ Жарғысының талаптарын қатаң сақтау қажеттігін айтып, Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кезінде Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің мүдделерін ескеруге шақырды.

Сонымен қатар Қазақстан БРИКС-ті нақты ынтымақтастыққа мүмкіндік беретін, БҰҰ-ның жетекші рөлін толықтыратын және халықтар, өңірлер мен нарықтар арасындағы байланысты нығайтатын ашық алаң ретінде қарастыратынын атап өтті.