Цифрландыру аукцион кірісін 7 есе арттырды
Қазақстанда геология, өнеркәсіп және құрылыс салаларын цифрландыру аясында бірқатар жаңа технология енгізіліп жатыр. Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Digital Qazaqstan стратегиясы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Министрдің айтуынша, 2028 жылға дейін геологиялық барлауға тартылатын жеке инвестиция көлемін 30%-ға арттыру, өнеркәсіптегі еңбек өнімділігін жыл сайын 7%-ға өсіру және роботтандыруды дамыту көзделген. Сонымен қатар кемінде 5 отандық интегратор мен 3 құзырет орталығын құру жоспарланып отыр. Геология саласында цифрландырудың негізгі кезеңі аяқталған. Геологиялық деректер электронды форматқа көшіріліп, мемлекеттік қызметтер Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай порталы арқылы көрсетіле бастаған.
Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, цифрлық аукцион жүйесін енгізу және геологиялық ақпараттың ашықтығын арттыру нәтижесінде аукциондардан түсетін кіріс 7 есе өскен.
Ендігі кезекте перспективалы учаскелерді анықтау мен геологиялық деректерді саралау үшін жасанды интеллект қолдану жоспарланып отыр. Өнеркәсіпте де цифрлық технологиялардың тиімділігі байқала бастаған. Соның бірі – өндірістік үдерістердің цифрлық сыңарларын пайдалану. KAZ Minerals кәсіпорындарында осы технологияның көмегімен мыс өндіру көрсеткіші 2%-ға, ал фабрикалардың өнімділігі 7%-ға артқан.
2028 жылға қарай цифрлық сыңарларды ірі кәсіпорындардың кемінде 60%-ына енгізу көзделген.
Жасанды интеллект автомобиль өндірісінде де қолданылып жатыр. Оның көмегімен ақаулар саны 39%-ға азайып, өндірістік желідегі төтенше жағдайларды анықтау уақыты 8 секундқа дейін қысқарған.
Қазақстандық компаниялардың цифрлық шешімдері шетелге де экспорттала бастаған. Мәселен, Vexor компаниясы Тбилисидегі Lactalis тобына кіретін кәсіпорынды роботтандыру жобасын жүзеге асыруда. Компанияның технологияларын енгізу өндіріс көлемін 30%-ға арттырып, жоспардан тыс тоқтап қалу көрсеткішін 95%-ға төмендеткен. Сонымен қатар елде роботтандыру бағытындағы инфрақұрылым дамып келеді. Farabi Robotics орталығы құрылып, Astana Hub-та мамандар даярлау және зерттеу жүргізуге арналған робототехника алаңы іске қосылған. Алдағы уақытта IFTC технологиялық полигонын ашу жоспарланып отыр.
Құрылыс саласында BIM технологиясын кезең-кезеңімен енгізу де жалғасады. Биылғы 1 тамыздан бастап ірі мектептер, әуежайлар, тоннельдер, көпірлер және бірегей ғимараттар секілді бірқатар нысанда BIM қолдану міндеттелмек. 2028 жылға қарай техникалық тұрғыдан күрделі жаңа нысандардың барлығында осы жүйені пайдалану жоспарланған.
Мемлекеттік сараптамаға да жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Қазір ЖИ жобалық құжаттардың толықтығын автоматты түрде тексереді. Осы жүйе арқылы 864 жоба қаралған. Бір тексеруге орта есеппен 6 минут кетеді, ал жалпы тексеру мерзімі 5 жұмыс күнінен 2 күнге дейін қысқарған.
Жыл соңына дейін құжаттар, сызбалар, инженерлік желілер мен сметаларды тексеретін тағы үш ЖИ модулін іске қосу көзделген.
Министрлік цифрлық технологияларды одан әрі енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттырып, салалардың инвестициялық тартымдылығын күшейтуді жоспарлап отыр.