Цифрлық теңге: Қазақстанда ақша жүйесі қалай өзгереді?
Цифрлық теңге – ұлттық валютаның жаңа нысаны. Оның қандай мүмкіндіктері бар және қолданыс аясы кеңейсе, Қазақстанның қаржы жүйесіне қандай өзгеріс әкелуі мүмкін екендігі жай сарапшылар ойын мәлімдеді, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Цифрлық теңгенің кәдімгі ақшадан айырмасы қандай?
Қазір қазақстандықтар теңгені негізінен екі түрде пайдаланады: қолма-қол және банктегі қаражат ретінде. Қолма-қол ақша – Ұлттық банк шығаратын банкноттар мен монеталар. Ал қолма-қол ақшасыз қаражат коммерциялық банктердегі шоттар мен карталарда сақталады.
Енді бұларға цифрлық теңге қосылды. Оның басты ерекшелігі – цифрлық теңгені коммерциялық банк емес, Қазақстан Ұлттық банкі тікелей шығарады. Яғни ол – Ұлттық банктің міндеттемесі. Сондықтан оның жеке бағамы болмайды: 1 цифрлық теңге әрдайым 1 теңгеге тең.
Осы ерекшелігі оны криптовалюталардан да ажыратады. Bitcoin немесе Ethereum секілді криптоактивтердің құны нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай өзгеріп отырады әрі оларды орталық банк шығармайды. Ал цифрлық теңге – ұлттық валютаның бір түрі. Сондықтан оны пайда табуға арналған инвестициялық құрал ретінде қарастыруға болмайды. Осыған байланысты цифрлық теңгенің бағасы өседі немесе одан кепілді табыс табуға болады деген жарнамаларға сақ болған жөн. Ұлттық банк мұндай ұсыныстарда алаяқтық белгілері болуы мүмкін екенін ескертіп, азаматтарды мұқият болуға шақырады.
Ақшаны белгілі бір мақсатқа жұмсауға болады
Цифрлық теңгенің негізгі ерекшеліктерінің бірі – қаражатты алдын ала белгіленген талаптарға сай жұмсау мүмкіндігі. Яғни ақшаның қай мақсатқа, қандай тауар немесе қызметке және қандай жағдайда жұмсалатынын жүйе арқылы алдын ала белгілеуге болады.
Бұл мүмкіндік, әсіресе, мемлекеттік қаржыны бақылауда маңызды. Мәселен, жол құрылысына бөлінген бюджет қаражатын тек сол жобаға қажетті тауарлар мен қызметтерге жұмсауға техникалық шектеу қоюға болады. Сондай-ақ қаржының бас мердігерден соңғы орындаушыға дейін қалай қозғалғанын бақылап, белгіленген талаптарға сай келмейтін төлемдерді шектеуге мүмкіндік бар.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, мұндай төлем тетігі бюджет қаражатын бақылаудың қосымша құралына айналуы мүмкін. Оның айтуынша, Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлем жүйесі қазірдің өзінде жақсы дамыған. Сондықтан цифрлық теңгенің халық үшін пайдасы тағы бір төлем құралы болумен ғана шектелмеуі керек. Оның артықшылығы әлеуметтік төлемдерді тиімді жеткізу, субсидияларды мақсатты жұмсау, бюджет қаражатының қозғалысын бақылау және төлемдерді автоматтандыру сияқты мүмкіндіктерден көрінуі тиіс.
Цифрлық теңге қайда қолданылып жатыр?
Цифрлық теңгенің барлық мүмкіндігі бірден қолданысқа енгізілген жоқ. Жоба 2021 жылдан бастап зерттеліп, 2022 жылы экономикалық және технологиялық сынақтан өтті. 2023 жылғы 15 қарашада нақты пайдаланушылар қатысқан алғашқы пилоттық жоба іске қосылды. Сол кезеңде цифрлық теңгені банк карталары және төлем жүйелерімен ықпалдастыру сыналды. Алматы мектептеріндегі тегін тамақтануға арналған цифрлық ваучер де осы жобалардың бірі болды.
Кейін цифрлық теңгенің қолданылу аясы кеңейіп, мемлекеттік қаржыға басымдық беріле бастады. Өткен жылы ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, салықтық әкімшілендіру және мемлекеттік қолдау салаларында пилоттық жобалар жүзеге асырылды. Қазір технология мемлекеттік сатып алу, бюджеттік несие, субсидиялар мен гранттарды қаржыландыру бағыттарында сыналып жатыр. Ұлттық төлем корпорациясының дерегінше, жоба басталғалы 336,6 млрд цифрлық теңге шығарылып, 265 цифрлық шот ашылған. Осы уақыт ішінде 61 мыңнан астам операция жүргізілген.
Биылғы тамыздан бастап цифрлық теңгені дәрі-дәрмек, жанар-жағармай және басқа да тауарларды мемлекеттік сатып алу кезінде қолдану жоспарланған. Сонымен бірге құны 100 млн теңгеден асатын жобалардағы бюджет шығыстарының жекелеген түрлері бойынша цифрлық теңгені міндетті түрде пайдалану көзделіп отыр. Алайда жүйені кеңінен енгізу үшін технологияның өзі жеткіліксіз. Бюджет қаражатының қозғалысын толық бақылау үшін төлем тізбегіне қатысушылардың барлығы цифрлық теңгемен жұмыс істеуге дайын болуы керек. Қаржы министрлігінің мәліметінше, кейбір қосалқы мердігерлер смарт-келісімшарттарды қолдануға әзір емес. Осыған байланысты құқықтық тетіктер жетілдіріліп жатыр.
Қазақстандықтар үшін не өзгереді?
Цифрлық теңгенің болашағы оның күнделікті өмірде қаншалықты қолайлы болатынына да байланысты.
Қазақстанда мобильді банкинг, QR арқылы төлем жасау және жедел ақша аудару кең тараған. Сондықтан цифрлық теңге халық үшін жай ғана тағы бір төлем тәсілі болып қалмауы керек. Оның маңызды мүмкіндіктерінің бірі – интернетсіз төлем жасау. Ұлттық банк интернетке қосылмай-ақ төлем жүргізу жолдарын сынақтан өткізді. Мұндай мүмкіндік байланысы нашар шалғай елді мекендерде немесе интернет уақытша істемей қалған кезде пайдалы болуы мүмкін.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленованың пікірінше, интернетсіз төлем жасау мүмкіндігі болашақта цифрлық теңгенің халық үшін ең маңызды артықшылықтарының біріне айналуы ықтимал. Оның айтуынша, цифрлық теңгенің тиімділігі тек мемлекеттік қаржыны басқарумен шектелмей, күнделікті төлемдерде де көрінуі мүмкін.
Қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?
Цифрлық теңгенің қолданысы кеңейген сайын қауіпсіздік пен жеке мәліметтерді қорғау мәселесі де өзекті бола түседі. Цифрлық операциялар қолма-қол төлемге қарағанда көбірек дерек қалдыратындықтан, жеке ақпараттың қорғалуы жүйеге қойылатын негізгі талаптардың бірі саналады. Ұлттық банк цифрлық теңгеге қатысты банк құпиясын сақтау талаптары қолданылатынын мәлімдеген. Сонымен бірге мемлекеттік қаражат пен азаматтың жеке ақшасын ажырата білу маңызды. Мысалы, субсидия немесе бюджеттен бөлінген қаражатты жұмсауға белгілі бір талап қойылуы мүмкін. Бірақ бұл азаматтың басқа жеке қаражатына автоматты түрде шектеу қойылады деген сөз емес.
Киберқауіпсіздік маманы Абылай Исиннің айтуынша, цифрлық теңге инфрақұрылымында арнайы қорғаныс құрылғылары, резервтік жүйелер, тәуелсіз сынақтар және алаяқтыққа қарсы тетіктер қарастырылған. Дегенмен кез келген цифрлық жүйеде қауіп-қатерді толық жою мүмкін емес. Сондықтан қорғаныс шараларын үнемі жетілдіріп отыру қажет. Сарапшы цифрлық теңге толық жасырын төлем құралы болмайтынын атап өтті. Осыған байланысты технологиялық мүмкіндіктер мен мемлекеттік бақылаудың ара-жігін нақты белгілеу, сондай-ақ жеке деректерді қорғау талаптарын сақтау маңызды.
Әлем елдері де цифрлық валютаны сынап жатыр
Орталық банктер шығаратын цифрлық валюталарды әлемнің жүзден астам елі зерттеп, сынап немесе қолданысқа енгізіп жатыр. Қытай цифрлық юаньды дамытса, Багам аралдарында Sand Dollar, Нигерияда eNaira қолданылады. Еуропалық орталық банк, Үндістан, Ұлыбритания, Біріккен Араб Әмірліктері мен Сингапур да осы бағыттағы жобаларын жүзеге асырып келеді.
Алайда әр елдің мақсаты әртүрлі. Бірі цифрлық валютаны күнделікті төлемдерге бейімдесе, енді бірі мемлекеттік қаржыны басқаруға немесе халықаралық есеп айырысуға басымдық береді. Сондықтан әзірге барлық мемлекетке ортақ бірыңғай үлгі қалыптасқан жоқ.
Қазақстанда қазір цифрлық теңге негізінен мемлекеттік қаражаттың қозғалысын бақылау және алдын ала белгіленген талаптар бойынша төлем жүргізу үшін сыналып жатыр. Ал оның қарапайым азаматтар арасында қаншалықты кең таралатыны күнделікті өмірде қандай нақты артықшылық беретініне байланысты болмақ.