BASPASOZТолық нұсқа
Қоғам

Туған күнде салют атқандарға айыппұл салынуы мүмкін

Дана Зарылханқызы
Canva
Бөлісу Telegram

Туған күнді түн ортасында отшашумен атап өту әдеті өзгелердің тыныштығын бұзса, мерекені ұйымдастырған адамға айыппұл салынуы мүмкін. Қазақстанда пиротехниканы қолдануға және түнгі уақытта тыныштықты сақтауға қатысты бірқатар талап бар, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Заңгер Вячеслав Сташковтың айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабы бойынша түнгі уақытта қатты дыбыс шығарып, тұрғындардың тынығуына кедергі келтіруге болмайды.

Қазақстанда жұмыс күндері түнгі уақыт сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін жалғасады.

Осы уақытта атылған қатты салют тұрғындардың тыныштығын бұзса, жеке тұлғаға 5 АЕК, яғни 2026 жылы 21 625 теңге айыппұл салынуы мүмкін. Егер мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, жаза күшейеді.

Бұдан бөлек, ӘҚБтК-нің 436-бабында елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды пайдалану тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Бұл жағдайда айыппұл көлемі 20 АЕК немесе 86 500 теңгені құрайды.

Егер 16 жасқа толмаған бала петарда немесе басқа да пиротехникалық бұйымдарды пайдаланса, дәл осындай мөлшердегі айыппұл оның ата-анасына немесе заңды өкіліне салынуы мүмкін.

Заңгердің түсіндіруінше, нақты жағдайға қарай пиротехниканы заңсыз пайдаланғаны және тыныштықты бұзғаны үшін бір мезетте жауапкершілікке тарту да мүмкін. Пиротехниканы қолданғанда қауіпсіздік талаптарын сақтау да маңызды. Төтенше жағдайлар министрлігі отшашуды қолмен, балконнан немесе лоджиядан атуға болмайтынын ескертеді. Сондай-ақ пиротехниканы ғимараттар мен көлік тұрағына 50 метрден жақын жерде, шатырлардың астында, ағаштардың арасында және электр желілерінің маңында пайдалануға тыйым салынады. Кәмелетке толмағандарға пиротехниканы өз бетінше қолдануға да рұқсат жоқ.

Сондықтан көпқабатты үйлердің ауласында, көліктерге, подъездерге немесе терезелерге жақын жерде салют ату қауіпсіздік талаптарын бұзуы мүмкін.

Егер тұрғындар түнгі уақытта қатты салют атылғанына шағымданғысы келсе, полицияға хабарласа алады. Құқық бұзушылықты видеоға түсіріп, оқиғаның болған жері мен уақытын белгілеп алған жөн.

Ал өрт шығу немесе адамдардың өміріне қауіп төну қаупі болса, 112 нөміріне қоңырау шалу қажет.

Айта кетейік, Алматыда 2027 жылғы 8 қаңтардан бастап төмен шығарындылар аймағына (LEZ) қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Оның ішінде азаматтық пиротехниканы қолдануға қойылатын шектеулер де бар. Алайда бұл тыйым бүкіл қала аумағына емес, төмен шығарындылар аймағының шегіне ғана қатысты болады. Оның нақты шекарасы әзірге бекітілген жоқ.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары