Түрікменстанда Орталық Азия мен Әзербайжан басшылары бас қосты: қандай мәселелер талқыланады

Түрікменстанда Орталық Азия мен Әзербайжан басшылары бас қосты: қандай мәселелер талқыланады
Фото: Ақорда

Түрікменстанның Аваза ұлттық туристік аймағында Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжан басшыларының сегізінші Консультативтік кездесуі өтіп жатыр. Жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысуда, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Президенттер кездесуі алдында 8 қазанда Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның сыртқы істер министрлері бас қосқан. Түрікменстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, тараптар өңірлік ынтымақтастықты дамыту, халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелер, сондай-ақ өзара тиімді ықпалдастықты тереңдету жолдарын талқылаған.

Министрлер жоғары деңгейдегі кездесудің күн тәртібі мен қорытынды құжаттарының жобаларын да мақұлдаған. Сонымен бірге саяси-дипломатиялық байланысты нығайту және практикалық ынтымақтастықты кеңейту қажеттігі атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сегізінші Консультативтік кездесуге қатысу үшін «Аваза» кешеніне келді. Оны Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов қарсы алды.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев те Авазаға келіп, мемлекет басшыларымен бірге кездесуге қатысты. Әзербайжан президентінің ресми сайты Түрікменбашы қаласында сегізінші Консультативтік кездесудің өтіп жатқанын растады.