BASPASOZТолық нұсқа
Аймақ

Түркістан облысында 24 мың тұрғынды қорғайтын өрт сөндіру бекеті ашылды

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Түркістан облысы Келес ауданының Қызыләскер ауылында «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясындағы 273-ші ерікті өртке қарсы құралым жұмысын бастады. Жаңа бекет 13 елді мекенде тұратын 24 мыңға жуық адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Нысанның ашылуына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бағдат Чайзада, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Өрт сөндіру бекеті жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен салынған. Мұнда тәулік бойы кезекшілік атқаруға қажетті жағдай жасалған. Еріктілерге арналған демалыс бөлмелері, ас үй, қызметтік орындар және арнайы техниканы сақтайтын гараж қарастырылған.

Төтенше жағдайлар министрлігі жаңа бекетке өрт сөндіру автоцистернасын, арнайы қорғаныс киімдері мен радиостанция берген. Ал кезекшілік атқаратын еріктілер Түркістан облысының ТЖД мамандарынан арнайы даярлықтан өтті.

Жаңа бекеттің іске қосылуы өрт немесе басқа да төтенше жағдай кезінде құтқарушылардың оқиға орнына жету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ шалғай елді мекендердегі төтенше жағдайларға жедел ден қоюға және ауылдардың өрт қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары