Түркістан облысында 9,7 мың гектар жерді сумен қамтитын су қоймасы салынып жатыр

Түркістан облысында 9,7 мың гектар жерді сумен қамтитын су қоймасы салынып жатыр
ЖИ арқылы жасалған

Түркістан облысында сыйымдылығы 68 млн текше метр болатын «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын. Нысан іске қосылғаннан кейін 9,7 мың гектар суармалы жер қосымша сумен қамтамасыз етілетінін ҚР Үкіметі мәлімдеді, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Құрылыс жұмыстары Мемлекет басшысының су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмалары аясында жүргізіліп жатыр. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов нысанның қазіргі жағдайымен танысты.

Жаңа су қоймасы Бөген өзенінің көктемгі ағысын жинақтап, оны егістікке су қажет болатын кезеңде пайдалануға мүмкіндік береді. Нысанның аумағы 220 гектарды құрайды. Бөгеттің ұзындығы – 3,9 шақырым. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 86 пайызы орындалған. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Көктемгі су тасқыны кезінде жиналған су кейін ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне пайдалану үшін Бөген су қоймасына жіберіледі. Бұл жыл бойы су қорын тиімді бөлуге және егіншілік кезеңінде шаруаларды сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Түркістан облысында суармалы егіншілік көлемі жоғары болғандықтан, су жинақтайтын нысандарды дамыту өңірдің су қауіпсіздігін күшейтудің маңызды бағыттарының бірі саналады. Жаңа су қоймалары маусымдық және тасқын суларды жинап, суға сұраныс артқан кезде пайдалануға жағдай жасайды.

Өңірдегі су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары басқа нысандарда да жалғасып жатыр. Биыл Түркістан облысының Төлеби ауданында сыйымдылығы 1,2 млн текше метр болатын «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы аяқталды. Ол 500 гектар суармалы жерді ағын сумен қамтамасыз етуге арналған.

Сонымен қатар Ислам даму банкімен бірлесіп тағы үш су қоймасын салу жобасы қолға алынды. Олар – Жамбыл облысындағы «Ақмола», Қызылорда облысындағы «Қараөзек» және Батыс Қазақстан облысындағы «Үлкен Өзен» су қоймалары. Қазір үш жоба бойынша мердігерді анықтау рәсімдері жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Түркістан облысында 300 шақырымнан астам канал мен 1400 гидротехникалық нысанды жаңарту жоспарланғаны хабарланған.